Елімізде білім грантының орташа баға көрсеткіші 225 мың теңгені құрайды
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Білім грантының орташа баға көрсеткіші 225 мың теңгені құрайды», дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі Орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шығыны көп болуы мүмкін техникалық мамандықтар, сондай-ақ аз шығынды қажет ететін гуманитарлық мамандықтар бар, сәйкесінше білім грантының орташа баға көрсеткіші әртүрлі болады», дейді департамент директоры.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттің қажет етуіне орай қандай мамандықтарға грант көп бөлінуі керектігі анықталады. Жыл сайын білім гранттарының саны өсуде, бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты.
«Бізде жаңа мектептер мен ауруханалар салынып жатыр. Оған түрлі мамандықтар қажет етіледі. Менің ойымша, келесі жылы да мемлекеттік білім гранттарын ұлғайту үрдісі жалғасын табатын болады», дейді Н.Аршабеков.