Елімізде бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Қазақстанның мектеп бітіруші түлектері бүгіннен бастап Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға кірісті.
Білім жән ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді 160 201 мектеп бітірушінің 129 471-і (81 пайызы) тапсырады, оның ішінде 85 372-сі -қазақ тілінде, 44 099-сі - орыс тілінде тапсырады. Тестілеу 49 қала мен 105 аудан орталықтарында құрылған 154 тестілеу пункттерінде 4-10 маусымның аралағында өткізіледі.
Тестілеу 5 пән бойынша: оқыту тілі (қазақ немесе орыс), Қазақстан тарихы, математика, таңдауы бойынша пән, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі - қазақ тілі, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі - орыс тілі пәндері бойынша өтеді. Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны - 25 сұрақты құрайды; бес пән бойынша - 125; тестілеу уақыты - 210 минут, яғни 3,5 сағат.
Биылғы жылғы мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін шекті деңгей 50 балды («Жалпы медицина» мамандығы үшін - 55 балл) құрайды.
Құрметті түлектер, Ұлттық бірыңғай тестілеугі сәтті тапсыруға тілек білдіреміз!