Елімізде бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға бағытталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5,3 трлн теңге сомасында қарастырылды. Бұл туралы Мәжілісте «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, 2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылып отыр. Трансферттерді есептемегенде, 2024 жылға арналған кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% көлемінде жоспарланып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған, оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн теңге. Аталған қаражат әлеуметтік маңызды және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады», - деді А. Бейсенбекұлы.

Бұл тұрғыда автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік объектілерді салу ескерілген.

«2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде ескерілген, ал 2026 жылға қарай 2,3 пайызға дейін біртіндеп төмендейді. Бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары

2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Атап айтқанда, бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі және 2024 жылғы бюджет шығыстарының 40 пайыздан астамын құрайды. 2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5,3 трлн теңге сомасында қарастырылған, оның ішінде базалық зейнетақы мен жәрдемақыны инфляция деңгейіне, ынтымақты зейнетақыны инфляциядан 2%-ға артып индекстелді. Балалары бар отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды, 2023 жылдан бастап 93 мыңға жуық көп балалы аналарға жәрдемақы көбейтілді. Осы мақсатқа 2024 жылы 93,3 млрд теңге көзделген. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас деңгейінде 2028 жылға дейін қалды. Бұл 150 мыңнан астам адамға қатысты болады және есепті кезеңде 473 млрд теңгеге жуық қаражатты қажет етеді», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн теңге қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар