Елімізде дәрі бағасын реттеу саясаты өзгереді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2026 жылға қарай міндетті әулеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін кепілдендіріген медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрілердің бағасын ғана мемлекет реттейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің директоры Мира Тұяқбаева XIV Халықаралық еуразиялық фармацевтикалық форумда айтты.

«2023 жылғы 10 қаңтардан бастап Қазақстандағы дәріханаларда сатылатын 376 түрлі дәрілік заттың бағасын мемлекет реттемейтін болған. Оның ішінде гомеопатиялық препараттар, белсенді биологиялық қоспалар, дәрумендер мен жеңіл ауруларға қарсы дәрілер бар.

Агенттік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп денсаулық сақтау саласында, дәрілік заттарды тасымалдау және сақтау нарығында бәсекелестікті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын (жол карталарын) бекітті.

Аталған жоспарды қайта реттеу кезеңдері нақты белгіленген. Биыл бірінші кезең басталды. Бұл кезеңге рецептісіз берілетін дәрі-дәрмектің атауы енді. Екінші кезең 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде мемлекет коммерциялық сегменттегі рецептісіз берілетін бүкіл дәрі-дәрмектің бағасын реттеуден кетеді. Қорытынды кезең 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Ол кезеңде коммерциялық сегменттергі рецептісімен берілетін препараттардың бағасын реттеу саясаты қайта қаралады.

«2026 жылға қарай тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында сатып алынатын дәрілік заттар ғана мемлекеттік бағалық реттеуді қалдыру жоспарланып отыр. Бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді. Қазақстан барлық препараттарға бағаларды реттейтін жалғыз ел. Егер ЕАЭО бойынша басқа серіктестермен салыстырсақ, Беларусьта онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге қолданылатын препараттар ғана, Қырғызстанда – COVID 19 емдеуге арналған препараттар, Ресейде өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектер ғана реттеледі, Арменияда мемлекеттік реттеу жоқ», - деді Мира Тұяқбаева.

Сонымен бірге, бірқатар проблемалық мәселелер бар.

«Шекті бағаларды қалыптастыру рәсімі мемлекеттік органдар үшін де, бизнес үшін де ашық емес. Қолданыстағы бағаларды реттеудің құқықтық алаңы өндірушіден сатып алу бағасын және референттік елдердегі бағаларды да тексеруге, тиісті деректер базасы болмағандықтан өндірушінің тіркелетін бағасының объективтілігін айқындауға мүмкіндік бермейді» - деп атап өтті Мира Тұяқбаева.

Екінші тараптан, бизнес өкілдері шекті бағаларды бекіту мерзімі, дәрілік заттарға шекті бағаларды қате қалыптастыру, жаңа препараттарға бағаларды бастапқы тіркеудің ұзақ мерзімі бойынша мәселелерді көтеріп отыр. Осының бәрі нарыққа препараттардың шығуын тежейді, шығындардың ұлғаюына әкеледі.

«Осы мәселелерді іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде реттеу жоспарланған, онда дәрілік заттардың нарыққа кіруінің бизнес-процестерін оңтайландыру, цифрландыру және интеграциялау, баға белгілеу әдіснамасын халықаралық тәжірибені ескере отырып жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою және т.б. көзделген» - деп қорытындылады Мира Тұяқбаева.


Соңғы жаңалықтар