Елімізде дауларды медиация тәртібімен реттеу бағытында пилоттық жоба жүзеге асырылмақ

Аталмыш жоба Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің биылғы 26 қаңтардағы өкімімен бекітіліп, жүзеге асыру мерзімі ақпан-шілде айлары болып белгіленген болатын.
Отырыста облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, медиация институтының құрылғанына биыл алты жыл толды. Шет елдерде кеңінен қолданылатын медиацияны дамыту бағытында 2016 жылы Қазақстанда меморандумға қол қойылған еді. Бұл бағытта БҚО әкімдігі мен облыстық сот арасында да келісім жасалып, нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, өңірде өткен жылы 145 медиация кабинеті ашылып, қазіргі таңда 200-ге жуық кәсіби және қырық шақты кәсіби емес медиаторлар жұмыс жасауда. 1700-ден астам азаматтық іс медиаторлардың араласуымен шешілген. Оған қоса орташа ауыр дәрежедегі қылмыстық істердің 44 пайызы келіссөз нәтижесінде қысқартылған. Дегенмен тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама олардың медиаторлардың қызметін жете білмейтінін көрсетті. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет-ақ.
БҚО сотының төрағасы Бек Әметов медиацияның мүдделі емес тараптардың қатысуымен дауларды реттеудің бейтарап, әділ түрі екендігін, оның қазақ тарихындағы билер сотына ұқсастығын айтып, пилоттық жобаны жүзеге асырудың маңызы зор екендігін жеткізді. Ең бастысы, ол қоғамдағы дау, жанжалдардың мәміле жолымен реттеліп, барынша азаюына септеседі.