Елімізде домбыра пішініндегі алғашқы фонтан іске қосылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аумағында домбыра пішініндегі субұрқақ пайда болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде домбыра пішініндегі алғашқы фонтан іске қосылады

«Фонтанның домбыра пішінде болуы бекер емес. Себебі домбыра қазақтың музыкалық мәдениетіндегі шоқтығы биік аспап болып табылады. Ықылым замандардан осы күнге дейін халықпен бірге жасасып келе жатқан, дәстүрлі репертуары ең бай аспап. Қазақ домбырамен қуанышын да, қайғысын да бөлісіп, тарих-шежіресін баяндап, көңіл-күй мен ішкі жан тебіренісін жеткізген. Домбыра қазақ халқының ұлттық бренді болып саналады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жобалар бойынша бұл аспап ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің ең үлкен құралына айналып, әлемге қазақ өнерін танытуда үлкен рөл атқарып келеді», - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметінен.

Домбыра пішініндегі субұрқақ консерваторияның үлкен концерт залы алдындағы алаңқайда, Құрманғазы ескерткіші жанында салынды. Жоба авторларының ойынша арт-нысан ұлы күйшінің атын иеленген еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі саналатын өнер ордасына көрік бермек.

Фонтанның ұзындығы - 10,25 метр, ені - 2,85 метр. Жоғары қысыммен жұмыс істейтін заманауи сорғылармен жабдықталған. Домбыраны 40-қа жуық шам жарықтандырып тұрады. Туындының авторлары - Н.А.Қаныбеков және Н.Н.Қуанышбеков.

Жаңа нысан Фонтандар күні, яғни 25 мамырда іске қосылатын болады.

Еске салайық, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 13 маусымындағы қаулысымен Ұлттық домбыра күні бекітілген болатын. Мереке шілде айының бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұдан бөлек, домбырада қазақтың дәстүрлі күйлерін орындау өнері ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгенін атап өтейік.