Елімізде достық туын көтерген халқымыздың бедел-абыройы асқақтай бермек

ОРАЛ. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елімізде достық туын көтерген халқымыздың бедел-абыройы асқақтай бермек. Бұл туралы Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Закария Сисенғали мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оның айтуынша, қашанда «Түйме түйе болмайды, түйе дүние болмайды. Өзінікін місе тұтпай, өзгенікіне қол сұққан, Түбінде өз дүниесіне ие болмайды» деген даналық сөзді жадында сақтаған халқымыз өзгеге қылдай қиянат жасамай, өзіндегі барға қанағат етумен ақырында, міне, әлем жұртын өзіне иілдіріп отыр.

Оның дәлелі - күні кеше Вашингтонда өткен саммиттегі Елбасымыз Н.Назарбаевқа көрсетілген құрмет. Елбасымыздың бейбіт сүйгіш саясатын жер бетіндегі ең алып, ядролық державалардың өзі мойындаған сәтте қуанбаған қазақ болмас.

Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді, дей келіп, - Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді» - деп атап көрсеткен болатын.

Елбасымыздың осындай ұстанымының нәтижесінде Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебесін иеленді.

Қазақстанды мекендеген жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың арасында татулық пен ынтымақтастықты қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының ролі ерекше.

Төрағасы Елбасымыз Н.Назарбаев болып табылатын Ассамблея - еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы.

Қайсыбір саясаттанушылар Ассамблеяны маңызын төмендетіп көрсетуге әрекеттенгенімен, оның еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты дамытудың іргелі институтына, ұлттар арасындағы татулық пен сыйластықтың берекелі бекетіне айналғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Халқымыздың жүрек қалауымен, қоғамның ізгі тілегімен құрылған саяси ұйым жылдар бойы еліміздегі түйінді мәселелерді шешуге белсене араласып, ұлт бірлігін қамтамасыз етуде мемлекеттік ішкі саяси құрылымдардың бірі болып қала береді.

Жақында ғана қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасының негізгі мақсаты - сүттей ұйыған осы бірлігімізді, халықтар достығын, ұлтаралық келісімді баянды ете түсу.

Жаңақала ауданында да ел бірлігін асқақтатуға арналған айшықты істер атқарылуда. Осы орайда ауданда «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы, «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігі өз жұмыстарын бір-бірімен өзектестіре жүргізе отырып, ұлтаралық татулық, ел бірлігі, Елбасымыз саясатының жасампаздығы тақырыптарына бірнеше рет дөңгелек үстелдер өткізді.

«Өлке тарихы - өміріміздің басты құндылықтарының бірі. Осыны ескере отырып өткен жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалымен бірлесіп, «Атамекен» бағдарламасы аясында аудан тарихын, әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндайтын екі бөлімді деректі фильм түсіріп және ауданның тарихи-танымдық анықтамасын шығардық.

Аудан көлемінде діннің қоғамдағы орнын түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу, жастарды имандылыққа тәрбиелеу жұмыстары да біркелкі жүргізіліп келеді. Бұл бағытта облыстық ішкі саясат басқармасы қызметкерлері, облыс, аудан имамдарының қатысымен семинар-кеңестер өткізілді.

Ауданда он бірінші рет ұйымдастырылып отырған достық фестивалінің де Қазақстанды мекендейтін ұлттардың салт-дәстүрлерін, өнерін насихаттауда атқарып отырған ролі өте зор.

Қазір көрші елдерде болып жатқан оқиғаларға, әрине, өкінішпен қараймыз. Осындайда «Ат төбеліндей әкімдер алауыз болса, ат түгіндей елдің тоз-тозы шығады» деген халық даналығы еріксіз еске түсіп, «Бірлігімізге бекем болайық, қазақ баласы» деген сөзді айта бергің келеді», деді З.Сисенғали

Соңғы жаңалықтар