Елімізде Дүниежүзілік вирустық гепатитпен күрес күніне орай айлық басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 шілде мен 28 тамыз аралығында еліміздің барлық аймақтарында Дүниежүзілік вирустық гепатитпен күресу күніне арналған айлық өтеді, деп хабарлайды ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметінен.
None
None

«Шараны өткізудің мақсаты - тұрғындардың вирустық гепатит туралы, ауруды жұқтыру мен тарату жолдары жайында ескерту шаралары, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша ақпараттандырылуын арттыру, ересектердің және балалардың денсаулығын сақтаудағы жауапкершілігін арттыру болып табылады. Айлықтың аясында профилактикалық шараларға, скринингтік зерттеулерге, балаларды гепатитке қарсы вакцинациялаумен қамту және тұрғындарды вирусты гепатит туралы ақпараттандыру шараларына баса назар аударылады», делінген хабарламада.

Акция барысында «А» гепатиті бізге қауіп төндірмейді!» атты флеш-мобтар, «Вирустық гепатит профилактикасы» тақырыбындағы баспасөз мәслихаттары мен дөңгелек үстелдер, «Гепатиттің түрлері және оның алдын алу шаралары» атты ақпараттық сағаттар өткізіледі.

Гепатит - вирусты инфекция негізінде туындайтын бауырдың қабынуы. Вирусты гепатиттің A, B, C, D және E типтегі 5 түрі бар. В және С типтері ауыр созылмалы аурудың дамуына әкелетін, індетті жұқтырған адамдардың көпшілігінде ондаған жылдар бойы ешқандай ауру белгілерінің болмауына байланысты цирроз бен бауыр обырын туындататын ең көп таралатын гепатит түрі болып саналады. Бұл вирусты тасымалдаушылар аңдаусыз өзгелерге жұқтырылуы мүмкін. Жыл сайын 1 миллионға жуық адам вирустық гепатит, оның ішінде цирроз бен бауыр обыры салдарынан қайтыс болады. Гепатиттің салдарынан болатын өлімге жол бермеу үшін жаңа жұқтыру жағдайларының алдын-алу, тестілеуді жетілдіру және жұқтырған адамдарды емдеуге мүмкіндік беру шараларын жүзеге асыру қажет. Бұл В гепатитімен ауыратын балаларды вакцинациялау мен қауіп-қатерге бейім В және С гепатитімен ауыратын адамдарды емдеу үшін барлық емдік дәрілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Жаңа туылған сәбилерді вакцинациялау - В гепатитін анадан балаға жұқтырудың ең тиімді алдын-алу шараларының бірі.

Соңғы жаңалықтар