17:47, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Елімізде екі азаматтығы бар адамдар саны бір жыл ішінде 44 пайызға артқан ? Бас прокуратура
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылдың мәліметтері бойынша, елімізде екі азаматтығы бар адамдар саны 44 пайызға артқан. Бұны бүгін ішкі істер органдарының мәліметтері негізінде Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Олар екі елдің азаматтығын алу арқылы екі мемлекеттің те аймағында емін-еркін жүріп-тұрады және сол елдерде берілген әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдаланады. «Алайда бұл біздің елде заңға қайшы әрекет. Екі азаматтық конституциямыздың талаптарына да сай емес. Соған қарамастан мұндай жағдайлар орын алып отыр. Ол, әсіресе, Ресеймен шектесетін аймақтарда көп. Оны біз арнайы тексерулер барысында анықтадық. «Ресей темір жолдары» акционерлік қоғамының Петропавл қаласындағы бөлімшесінде екі азаматтығы бар 23 адам анықталды. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін және мемлекетаралық араздық тудыруы мүмкін маңызы зор мәселе. Сондықтан ол ішкі істер органдарының жіті бақылауында болуы қажет. Бұған, әсіресе, өзге елдермен шекаралас аймақтарда басты назар аударған жөн», - деді ресми өкіл.