Елімізде екінші деңгейлі банктердегі мерзімі өткен берешектер 1 трлн 224 млрд теңгені құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде екінші деңгейлі банктердегі мерзімі өткен берешектер 1 трлн 224 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

Елімізде екінші деңгейлі банктердегі мерзімі өткен берешектер 1 трлн 224 млрд теңгені құрайды

ҚР Ұлттық банкінің ұсынған мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда еліміздегі екінші деңгейлі банктерден кредит алған жеке тұлғалардың саны 5 млн. 154 мың 200 адамды құрайды. Оның ішінде 1 млн. 102 мың 905 адамның борышкерлік мерзімі 90 күннен асып кеткен. Ал мерзімі өткен берешектер көлемі 1 трлн. 224 млрд теңгені құрап отыр.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарынан кредит алған азаматтардың саны 209 мың 807 адамды құрайды. Оның ішінде 5 мың 228-інің төлеу мерзімі 90 күннен асқан. Ал мерзімі өткен берешектер сомасы 1,3 млрд теңгеге жетіп отыр.

2016 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша банктер коллекторлық агенттіктерге берген мерзімі өткен кредиттер бойынша берешектер сомасы 324,5 млн. теңгені құраған. Ондағы борышкерлер саны 837 мың 365 адам.