Елімізде электр энергиясы нарығы 2019 жылға қарай енгізіледі - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
None
None

Еске салайық, құжат Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған заң жобасы еліміздегі электр энергетикасы саласын жетілдіруге бағытталған болатын. Осыған орай, заң жобасымен елімізде біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүктеме көтеруге әзірлігін қолдау үшін бірыңғай сатып алушы құрылатыны көзделеді. Сонымен қатар, электр энергиясының орталықтандырылған импорты мен экспортын жүзеге асыру үшін Ұлттық оператор институты енгізілмек.

Бұдан бөлек, заң жобасында саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында электр энергетикасы саласындағы тариф саясатын өзгерту ұсынылады. Сонымен қатар, электр энергиясы нарығының айқындылығы мен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Нарық кеңесін құру қарастырылады. Тұтастай алғанда, заң жобасы энергия өндіруші ұйымдар үшін инвестицияларды қайтарудың ұзақмерзімді кепілдіктерін қамтамасыз етуге жағдайлар жасамақ.

Талқылау барысында сенаторлар тарапынан бірқатар өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Атап айтқанда, Сенат депутаттары қосымша электр тарату желілері мен қосалқы стансаларын салу мен жобалау жұмыстары бойынша жергілікті атқарушы органның келісімін алу туралы құзыретін жоюды ұсынып отыр. Бұдан бөлек, заң жобасына электр энергетикасы нарығын енгізуді 2019 жылға дейін шегеру туралы ұсыныс енгізілген. Ал құжатта бұл мерзім 2016 жылдың 1 қаңтарынан енеді деп көрсетілген болатын.

Соңғы жаңалықтар