Елімізде электр станцияларын жөндеу қарқыны қалай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов электр станцияларын жөндеуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде электр станцияларын жөндеу қарқыны қалай

«Дүниежүзілік банктің көмегімен бүкіл станциялар бойынша техникалық аудит жүргізді. Бұл тұрғыда тозу деңгейі, негізгі жабдықтың жарамдылық мерзімі, отын шығынының үлестік көрсеткіштері, персоналдың жинақталуы, пайдалы әсер коэффициенті, технологиялық кемшіліктер және жөндеу бағдарламаларын орындау бағытындағы негізгі көрсеткіштер бойынша рейтинг қалыптастырылды. Көрсетілген критерийлер аясында электр станциялары рейтинг бойынша бөлінген. Барлық жылу электр орталығы жылу беру маусымына дайындық іс-шаралары әзірленді», - деді Ж. Нұрмағамбетов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жүйелік оператор бекіткен электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 2023 жылы 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 4 энергия блогында, 24 қазандықта және 15 турбинада жөндеу жұмыстары іске асырылып жатыр. 3 энергоблокта, 13 қазандықта және 11 турбинада жөндеу аяқталды.

«2023 жылы жалпы ұзындығы шамамен 25,3 мың км электр энергиясын беру желілерін, 567 қосалқы станцияны, 3,5 мың тарату пунктін және трансформаторлық қосалқы станцияларды күрделі жөндеу жоспарланған. 13 мың км электр энергиясын беру желісі мен 364 қосалқы станция, 2070 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді», - деді вице-министр.

Бұл тұрғыда ол солтүстік өңірдегі кейбір облыстарда энергия желілерін жөндеу кешігіп жатқанын айтты.

«Сонымен қатар бірнеше электр станцияларында негізгі жабдықты жөндеу мерзімдерінің сақталмағанын атап өтеміз. Яғни Атырау («Атырау жылу электр орталығы» акционерлік қоғамы), Шығыс Қазақстан («Риддер жылу электр орталығы» акционерлік қоғамы), Түркістан («Кентау Сервис» мемлекеттік кәсіпорнының 5 жылу электр орталығы), Маңғыстау («Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі), Ұлытау (Жезқазған жылу электр орталығы «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) облыстарында байқалды», - деді ол.