Елімізде электронды сауда қарқынды дамып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде электронды коммерция пандемия кезіндегідей қарқынды болмаса да өсіп келе жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: BlogPicture

Finprom.kz порталының Euromonitor International халықаралық нарықты зерттеу компаниясының алдын ала мәліметтеріне сүйеніп жазуынша, Қазақстандағы электронды сауда көлемі былтыр 20,2 пайызға (интернет арқылы қызмет көрсету саудасын қоспағанда) өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 220,1 млрд теңгеге артық.

Үлкен өнім топтарын қарастырған кезде, санаттардың бірде-біреуі теріс динамика көрсетпегені байқалады. Қазақстандықтар интернет арқылы көбірек сатып алуда. Былтыр онлайн сауданың жалпы көлеміндегі айтарлықтай үлесті (32,4%) сән сегменті иеленді. Соңғы бір жылда қазақстандықтар интернетте киім, аяқ киім және түрлі аксессуарларды сатып алуға 423,9 млрд теңге (17% көбейген) жұмсаған. Екінші орында тұрмыстық техника мен электроника тұр. Бұл санаттың үлесі 27,1 пайызды құрады. Жоғары технологиялық тауарлар 11,6 пайыз өсіммен 355 млрд теңгеге жетті.

Азық-түлік сегменті де онлайн саудаға ойысып жатыр. Электронды азық-түлік нарығының көлемі шамамен үштен бірге өсті: 35,4 млрд теңгеден 45,5 млрд теңгеге дейін. Сондай-ақ сусындар мен темекі интернет арқылы әлдеқайда үлкен көлемде сатыла бастады: 69,9 млрд теңге, бір жылда 23,3 пайыз көбейген.


Соңғы жаңалықтар