Елімізде энергия тасымалдайтын желілерді жаңартпайынша, энергия тарифінің бағасы өсе береді - Н.Алдабергенов

АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде энергия тасымалдайтын желілерді жаңартпайынша энергия тарифінің бағасы өсе береді. Бұл туралы бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен онлайн конференция барысында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті.

Елімізде энергия тасымалдайтын желілерді жаңартпайынша, энергия тарифінің бағасы өсе береді  - Н.Алдабергенов

Конференция барысында Агенттік төрағасына интернет-порталдың оқырмандарының бірі "электр желісінде және өзге де құрылғыларда электр энергиясы тасымалданатын кезде болатын нормативті шығындар деген мәселенің не екендігін" түсіндіріп беруді сұрады.

Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, сонау 1987 жылдың өзінде электр энергиясының желіде болатын шығыны 12 пайызды құрайтын. Ал 2006 жылы бұл көрсеткіш 22 пайызға жетті. Сондай-ақ жылу бойынша шығын 1987 жылы 16 пайыз болса, 2006 жылы 26 пайызды, су энергиясы бойынша 1987 жылғы 17 пайыздан 32 пайызға жетті. «Бұл дегеніңіз шығын көрсеткіші көбейген уақыт аралығында энергия желісі мен қажетті құрылғыларды жөндеу жұмыстары күрт төмендеді. Яғни энергия кешенінен жаңғыртуға қатысты жұмыстар әлсіз жүргізілді дегенді білдіреді. Ең қиыны бұл үдеріс энергия тарифтеріне әсер етті. Сондықтан бұл мәселе шешілмейінше немесе энергия құрылғылары жаңартылмайынша, тариф бағалары өсе береді. Біздің бүгінгі таңда қолға алып отырған негізгі мәселелердің бірі де осы нормативті шығындарды азайтуға байланысты», - деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын аталмыш мәселеге қатысты заң жобасы қабылданып, депутаттар нормативті шығындарды қысқартуды қолдады. «Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде және знергия шығынын қысқарту шараларын жіті бақылап отырмыз. Бұл мақсатқа 3,3 миллиард теңге бөлінген. Егер біз бұл қаржыны тиісті мақсатына шығындамағанда осыншама мөлшердегі қаржыны төлеу энергияны тұтынушылардың мойындарына түсетін еді», - деді Н.Алдабергенов.