Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты - вице-министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда инфекциялық ауру түрлерінің басым көпшілігі бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазақстанда инфекциялық ауру түрлерінің басым көпшілігі бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Десе де, Алматы қаласы мен Алматы облысында менингокок инфекциясына шалдығу жағдайы тіркелді. Алайда уақтылы жүргізілген іс-шаралардың арқасында аталмыш инфекция бойынша жағдай тұрақтандырылды», - дейді Алексей Цой.

Вице-министр 2018 жылдың 30 маусымынан бастап менингокок инфекциясына шалдығу жағдайы бірлі-жарым ғана кездесетінін атап өтті.

«Қазақстан Республикасындағы менингокок инфекциясының көпжылдық орташа деңгейі 100 мың халыққа есептегенде 2,1 көрсеткішін көрсетеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда бұл инфекцияға шалдығу деңгейі 100 мың халыққа есептегенде 0,5 қана. Аталмыш көрсеткіш көпжылдық деңгейден төрт есе аз екенін айта кету керек», - дейді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі сонымен бірге тұмау мен ЖРВИ (жедел респираторлық-вирустық инфекциялары) ауруларының маусымдық кезеңге байланысты артқаны байқалғанын айтты.

«Аталған инфекциялар бойынша да жағдай тұрақты. Тұмаудың «А» вирусы мен парагрипп, рино вирус, аденовирус вирустарының циркуляциясы анда-санда кездеседі», - деді Алексей Цой.

Еске сала кетсек, ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындар міндетті түрде қызылшаға қарсы екпе жасатуы керектігін хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар