Елімізде этножурналистер мен этносаясаттанушылар қайда даярланады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елде этножурналист, этносаясаттанушы, этнопсихолог мамандарын даярлауға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің ойымызша, «Этносаясат», «Этножурналистика» мамандықтары бойынша магистратура негізінде даярлау еліміздегі этносаралық процестерді басқару жүйесін білікті кадрлармен және этносаралық тақырыпты жария етуге маманданған кәсіби журналистердің жаңа легін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, еліміздегі ықтимал қолайсыз жағдайлардың алдын алу мақсатында сізден Білім және ғылым министрлігіне саясаттанушылар мен журналистерді оқытатын жоғары оқу орындарымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, 2022-2023 оқу жылынан бастап осы санаттағы мамандарды даярлауды пысықтауды тапсыруды өтінеміз», - деп сауал жолдады ҚР Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар.
«Елімізде саясаттанушылар, психологтар және журналистер жеткілікті көлемде даярланады. 2018 жылдан бері «Саясаттану», «Психология», «Журналистика және репортер ісі» мамандықтары бойынша 3429 білім беру гранттары бөлінді, оның ішінде 2021 − 2022 оқу жылына 933 грант (бакалавриат – 589, магистратура – 290, докторантура – 54) қарастырылды», - деді Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында .
Оның айтуынша, 2018 жылы жоғары оқу орындарына академиялық дербестік берілді. Жоғары оқу орындары халықаралық талаптарды, заманауи үрдістерді, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік стандарттарға сәйкес білім беру бағдарламаларын өз деңгейінде бекітеді.
«Яғни, этножурналист және этносаясаттанушыларды даярлау мәселесі әлеуетті жұмыс берушілер мен жоғары оқу орындарының деңгейінде шешіледі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастар тақырыбын жетік меңгерген мамандарды даярлау мүмкіндігін жоғары оқу орындарымен бірлесіп зерделеп жатыр. Бұл ретте 12 жоғары оқу орындарына «Этножурналистика» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын енгізу жөніндегі ұсыныс жолданды», - дейді Е. Тоғжанов.
Бүгінгі күні мұндай мамандықты ашуға Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қызығушылық білдіріп отыр.
«Аталған университет тиісті білім беру бағдарламасының жобасын жасады. Осы орайда Ақпарат министрлігіне «Этножурналистика» және «Этносаясат» мамандықтары бойынша нақты қажеттілікті анықтап, ҚР Білім және ғылым министрлігімен, жоғары оқу орындарымен бірге осындай кадрларды даярлау мәселесін пысықтау тапсырылды. Мәселе жан-жақты қарастырылғаннан кейін Ақпарат министрлігі қорытынды ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісіне жолдайды. Жалпы этносаралық қатынастар мәселелері үнемі Үкіметтің бақылауында екенін атап өтемін», - деді Ералы Тоғжанов.