Елімізде ғаламторды ұдайы пайдаланушылар саны 4,7 млн. адамды құрайды
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда интернетті пайдаланушылар саны, яғни ғаламторға ұдайы кіретіндер 4,7 млн. адамды құрайды. Бұнымен қоса, біз орташа есеппен алғанда жыл сайын бұлардың саны 20 пайызға артып отырады деп есептейміз. Интернетті дамыту саласын алып қарастырсақ, тіпті дағдарыс кезеңінің өзінде ғаламторды пайдаланушылар нарығы 43 пайызға артты. Менің ойымша, экономика өзінің қарқынды даму белгісін көрсете бастаған кезден бастап, интернетті пайдаланушылар саны бірден 70 пайызға дейін көтеріледі», деді Қ.Есекеев.
Төрағаның айтуынша, 2010 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін дамыту жолымен қазақстандық ақпараттық-коммуникациялық технология саласының ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасады. Бұл ретте Агенттік «Зерде» Ұлттық холдингімен бірігіп ақпараттық және коммуникацияық технологиялар саласында үш аймақтық колледж ашуды жоспарлап отыр.