Елімізде геолог мамандарын әзірлеуге көңіл аударылуы тиіс - сенатор Х. Уәлиев

АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда геолог мамандарын әзірлеуге көңіл аударылуы тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Хұсаин Уәлиев осылай мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан пайдалы қазбаға аса бай ел. Еліміздің кен орындарында Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік табылып отыр. Ондай пайдалы қазбаларды табу, барлау шараларын жүзеге асыруға кезінде Қазақстанның геологиялық барлау саласының мамандары көп күш- жігер жұмсаған еді. Алайда, қазіргі күні геологиялық ғылым және оның өндірістік құрамдары аса ауыр жағдайды бастан кешіп отыр. Бұл саладағы мамандар тек өздерінің ынталылығы арқасында ғана жұмыс істеп жатыр деуге болады», деді сенатор. Оның айтуынша, бүгінгі күні геология саласындағы мамандардың орташа жасы 60-ты құрайды. Бұнымен қоймай, аталған санаттағылар зейнеттік жасқа қатысты №2 тізімнен шығарылған. Өндірісте 80-90 пайыз қондырғылардың тозығы жеткен. «Жалпы, геолог мамандығының маңызы жойылып барады. Сондықтан да, аталған саланы қолдау және дамыту үшін бірқатар тиімді әрі жедел шаралар қамту қажет. Атап айтқанда, геологиялық кәсіпорындарды оларды жаңадан жарақтандыру үшін субсидия бөлінетін мемлекеттік бағдарламалар қатарына енгізілуі тиіс. Сонымен бірге, геолог мамандығына жастарды тарту үшін арнайы бағдарлама әзірленсе игі. Бұл бағытта жоғары оқу орындарынан қосымша гранттар қарастырылып, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасына оқушылар қамтылса жөн болар еді. Жас мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де өзекті болып тұр», деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар