Елімізде гипертонияның көп таралуына байланысты артериалдық қысымды жүйелі түрде өлшеу қажеттігі туындап отыр - С.Диқанбаева

АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыдағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығында Дүниежүзілік гипертониямен күрес күніне арналған «Соққыға жол берме: артериалдық гипертонияның қазіргі мәселелері» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Елімізде гипертонияның көп таралуына байланысты артериалдық қысымды жүйелі түрде өлшеу қажеттігі туындап отыр -  С.Диқанбаева

Бұл күн 2005 жылдың 17 мамырынан бері Дүниежүзілік гипертониямен күрес лигасының бастамасымен атап өтілуде. Аталған орталықтың директоры Сәуле Диқанбаеваның айтуынша, Дүниежүзілік күнді Қазақстанда атап өтудегі мақсат - артериалдық гипертония мәселесіне тұрғындар назарын аударту және еліміздегі жасы 18-ден асқан әр тұрғынға ең болмағанда жылына бір рет өзінің артериалдық қысымын өлшеуді үйрету. «Бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да гипертонияның көп таралуына байланысты артериалдық қысымды жүйелі түрде өлшеу қажеттігі туындап отыр, өйткені бұл аурудың белгілері білінбейді әрі адам өміріне аса қауіпті асқынушылыққа соқтыруы мүмкін», -дейді С.Диқанбаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес 120/80 мм сн.бн. шамасындағы қысым қалыпты болып табылады. Артериалдық қысымның 140/90 мм сн.бн. дейін және одан да жоғары болып жиі көтерілуі қауіпті белгі болып табылады, мұндайда дәрігерге барып тексерілген жөн екен.

«Соңғы жылдары артериалдық гипертониямен сырқаттану деңгейінің тоқтаусыз жоғарылауда екені байқалады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінің деректері бойынша 1998 жылы 10 мың ересек тұрғынға шаққанда 17,4 гипертония жағдайы тіркелген, ал 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 мың ересек тұрғынға шаққанда 88,5 жағдайға дейін өскен. Осы кезең ішінде артериалдық гипертонияның қан айналысы жүйесінің құрылымындағы үлестік салмағы 1998 жылғы 11,6% -тен 2010 жылы 39,9% -ке дейін артқаны байқалады», -дейді кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының бас дәрігері Сымбат Абзалиева.

Артериалдық гипертониямен сырқаттанудың өте жоғары көрсеткіштері 2010 жылы еліміздің Алматы, Жамбыл, Атырау қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында байқалған.