Елімізде химиялық қауіпті нысандардың саны азаяды
«Бүгінде республика бойынша біздің есепте тұрған 142 химиялық қауіпті нысан бар. Қазір олардың санын азайту бойынша кешенді шара атқарылып жатыр. Бастысы – халық қауіпсіздігі үшін химиялық қауіпті нысандарды реагенттерге көшіру мәселесі. Қазақстандықтар жиі қолданатын химиялық улы заттар – хлор және аммиак. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде үш химиялық қауіпті нысан қауіпсіз реагентке көшірілді. Енді аталған нысандар химиялық тұрғыдан қауіпсіз», - деді Бауыржан Сыздықов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, химиялық қауіп төнген жағдайда халық эвакуациялануы мүмкін.
«Егер химиялық нысанда апат болып, дабыл қағылса, халық ол маңнан кетуі керек. Хлор не аммиак төгілген жағдайда, ол жерден аулақ болған жөн. Тағы бір жайт, улы заттармен жұмыс істейтін және сол маңда тұратын халық үшін жергілікті атқарушы органдар газқағар (противогаз) сатып алады», - дейді ол.