Елімізде ілеспе аударманы меңгерген алғашқы білікті маманның бірі - К.Әлпейісова (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының оқырмандары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы Камал Әлпейісовамен жүздесті.
Айта кету керек, К.Ә. Әлпейісова 1978 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдап, еңбек жолын республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде корректорлықтан бастаған.
Одан кейін «Қазақстан әйелдері» журналында әдеби қызметкер болды, 1990 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің Әйелдер ісі, ана мен баланы қорғау комитетінде еңбек етті. ҚР Жоғарғы Кеңесі Аппаратының Редакциялық-баспа бөлімінде консультант, ілеспе аударма секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет еткен.
Ұзақ жылдар бойы ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. ҚР Президенті Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. Қазір ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-де қызмет істейді.
Шығармашылық кеште ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен қаламгер және оның қоғамдағы рөлі туралы өз пікірін ортаға салды.
К.Әлпейісова - еліміздегі ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы білікті маманның бірі. Республикалық «Үздік аудармашы» байқауының тұңғыш жеңімпазы. Бірнеше кітаптың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Ол ілеспе аудармаға аса қажетті «Мақал-мәтелдердің мағыналық аудармасының сөздігін» құрастырды. Осы кеште сол кітаптың таныстырылымы болды. Жазушылар Шәрбану Бейсенова мен Жұмагүл Солтиева жаңа кітаптың лентасын қиды.
Журналист, аудармашы Ағайдар Ысымұлы өз сөзінде Камал Әбілқасымқызымен бірге қызмет істегенін, алғаш рет ілеспе аударма жасаған кезіндегі қызықты да қиын жайттар жөнінде әңгімелеп берді.
«Ілеспе аударма - өте қиын сала. Ол елімізде кештеу қолға алынғанмен, қазір жақсы дамып келеді», - деді К.Әлпейісова.
Еуразия университетінің доценті Гүлбайра Өтелбей сөз сөйлеп, аталған оқу орнының кітапханасы мониторинг жүргізген кезде, 2011 жылы шыққан Камал Әлпейісованың «Айтылмаған әңгіме» атты әңгімелер жинағы ең көп оқылған кітап номинациясы бойынша жеңіске жетіп, студенттер арасында үлкен сұранысқа ие болғанын айтып өтті. Алдағы уақытта Еуразия университетінің студенттерімен кездесуге шақырды.
Осы кешке ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Редакциялық-баспа бөлімінен арнайы келген Қарашаш Исмаилова мен Гүлнар Салықова сөз сөйлеп, әріпстестері атынан Камал Әбілқасымқызына құттықтау хатты табыс етіп, гүл шоғын сыйлады.
Қаламгерге сұрақ қою барысында әдебиетті сүйетін, аударма жасаумен айналысатын азаматтарды қызықтырған мәселелер көп болды. Сондай-ақ, оқушылар сарайындағы журналистер үйірмесіне қатысатын шәкірттер де осы кештен мол мағлұмат алғандарын айтты. Шығармашылық кешті жүргізген ақын Маржан Ершу оқырмандар көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, отырыстың мазмұнды өтуіне ықпал етті. К.Әлпейісова өткен жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Бақыт пен мұң» атты кітабы туралы да ой өрбітті.
К. Әбілқасымқызы қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Айталық, ол «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығы» қоғамдық бірлестігінде ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғырту, қазақтың ұлттық киімдерін қазіргі заманға сәйкестендіріп, жастар киюіне лайықты жасап, насихаттау ісімен айналысып келеді. Отбасындағы әр буын арасындағы сыйластықтың да рөлі жоғары. «Бір жұмысты күн көруің үшін істейсің, бір жұмысты жаның қалаған соң істейсің. Міне, осылар жаныңның қалауымен істейтін жұмыстарың ғой»,- деді.
«Бір кездесу бірнеше бағытта өрбитін түрі бар. Дұрыс тәрбие мен тәжірибеңді алғысы келетін, білікті маман ретінде дамуды ойлайтын жастар бар екен. Мен соған қуандым. Яғни, тыңдайтын құлақ болса, өмірлік тәжірибеңді неге айтпасқа?! Қызығушылық танытатын орта бар екенін байқадым»,- дей келіп, жиналған қауымға және кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді.