Елімізде инсультқа шалдыққандар қатары «жасарып» барады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультқа шалдығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар-24 агенттігіне сілтеме жасап.
Бұрын бұл дертке көбіне 60-70 жастан асқан егде адамдар ұшыраса, бүгінде ол 40-50 жас аралығындағы жандардың арасында жиілеп барады. Аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану керек. Сонда ғана бұл кеселден арылуға болады. Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері осылай деп, дабыл қағып отыр. Бүгін орталық мамандары инсультпен күрес күніне орай келушілерге арнап дәріс оқыды. Мамандардың айтуынша, әлемде жылына 33 млн аса адам инсульт алады. Егер адамның бет-әлпеті қисайып, аяқ-қолы әлсізденіп, сөйлеу қабілеті нашарласа, шұғыл түрде жедел жәрдем шақыру керек.
«Инсульттың емі бірінші 4 сағаттың ішінде жасалуы тиіс. Егер 4 сағаттан асып кетсе, біз ол ауруға, ол пациентке көмек бере алмаймыз. Әрине, дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ науқас бұрынғы қалпына келмейді», - дейді республикалық инсульт проблемалары жөніндегі координациялық орталықтың бас маманы Зәуреш Ахметжанова.