Елімізде қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету нарығында 10-нан аса компания бар - Дөңгелек үстел
АНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін, сәрсенбі күні Астанада өтіп жатқан «Қауіпсіздік. Дабыл жүйесі. Күзет» халықаралық көрмесі аясында қаланың қауіпсіздік жүйелерін қалыптастыру тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі мемлекет күзеті, тұлғалардың, азаматтардың, меншіктің түрлі формасындағы мекемелердің қауіпсіздігіне ғана емес, елдің халықаралық іскерлік және стратегиялық орталығы болып саналатын Астананың күзетіне, оның ішкі қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлуде. Сондықтан аталмыш тақырыпта өткізіліп жатқан шараға деген қызығушылық танытылып, жоғары баға беріліп отыр.
Дөңгелек үстел ұйымдастырушысы «Қазспецоснащение» ЖШС-нің директорлар кеңесінің төрағасы Ермек Рүстемовтің айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстардың бетін жедел ашу мақсатында құқық қорғау органдары техникалық жарақтандыру жобаларын енгізіп келеді. Бұл жоба «Қауіпсіз қала» деп аталады. «Қауіпсіз қала» - техникалық құралдардың, ұйымдастыру шараларының және бірлескен жұмыстардың кешенінен тұрады.
«Бұл кешенді бірорталықтанған жоба Еуропаның ірі қалаларында пайдаланылуда. Осы ретте Қазақстан Ұлыбританиядағы «Қауіпсіз қала» жобасының тәжірибесін зерттеуде. Е.Рүстемовтің айтуынша, Ұлыбритания қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің критерийлерін, қолданылу аясын белгілеп, тіпті олардың қызметін заңдық нормалармен бекітіп қойған.
«Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында осы саланың майын ішкен 10-нан аса компания қызмет жасап келеді. Осылардың арасында 3-4 компания әлеуеті жоғары, бәсекеге қабілетті болып саналады. Жалпы елде қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету нарығындағы қаржының жылдық айналымы шамамен 20-25 млн. теңгені құрайды», деп атап көрсетті ол.