Елімізде қанша әскери қызметші вакцина салдырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі таңда әскери қызметшілер арасында вакцина салдырғандардың жалпы саны 30 мыңға жуықтады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде қанша әскери қызметші вакцина салдырды

«Әскери қызметшіні толық әскери-медициналық қамту үшін барлық жағдай жасалған. Қарулы Күштерде осы үшін қажетті медициналық құралмен жабдықталған 15 госпиталь, лазарет, емхана, 130-дан астам медициналық пункт, рота мен бөлімше жұмыс істейді. Одан басқа, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер, дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйыммен қамту үшін қоймалар жұмыс істейді», - дейді «Қарулы күштерде заттай мүлікпен қамтамасыз ету және тамақтандыруды ұйымдастыру» туралы брифингіде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов.

Ол пандемия кезеңінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы госпитальдерде инфекциялық стационарлар жұмыс істейтінін айтты.

«Өңірлік госпитальдер мен лазареттерде осындай қызметтер үшін қосымша инфекциялық бөлімшелер ашылған. Төрт ПТР-зертхана жұмыс істейді, олардың әрқайсысы тәулігіне 300-ге дейін талдама жүргізе алады. Қарулы күштердегі әскери-медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің және індеттің таралуының ең белсенді кезеңінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуының арқасында әскерде коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаппай жағдайлары тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда екпе алғандардың жалпы саны 30 мыңға жуық. Екпе салу әлі де жалғасуда», - дейді ол.