Елімізде қатерлі ісікке шалдыққандарға көрсетілетін көмек деңгейі қандай
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда қатерлі ісік жағдайы қандай, диагностика мен емдеу қалай жүзеге асырылады және біздің медициналық ұйымдар осы аурулармен күресте қаншалықты технологиялық жабдықталғаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандағы онкологиялық көмекті жетілдіру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Қазақстан Республикасыдағы 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарының міндеттерін іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн.
Жалпы статистика
2020 жылдың соңында республикада жаңадан пайда болған қатерлі ісік аурулары ауруы 100 мың тұрғынға шаққанда 173,5 болды. Абсолютті сандар бойынша 32 526 жаңа ауырған жағдай анықталды. Аурудың төмендеуі 11,4% құрады.
2020 жылы онкологиялық науқастардың контингенті 190 159 науқасқа жетті (2019 ж. - 186 326 пациент).
Қатерлі ісік ауруының құрылымында сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында (13,2%), екінші орында өкпе рагы (10,4%), үшінші орында колоректальды қатерлі ісік (9,6%). Науқастардың 56,0%-ын еңбекке қабілетті жастағы адамдар құрайды.
Онкологиялық науқастардың электрондық тізіліміне сәйкес, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 2020 жылға қарай халықтың 100 мыңына шаққанда 75,5 болды, бұл - 14 150 жағдай. Өлім-жітімнің төмендеуі 0,7% құрады.
Өлім-жітімнің жалпы көрсеткішінде бірінші орында өкпенің қатерлі ісігі (16,4%), екінші орында асқазан рагы (11,5%), үшінші орында колоректальды қатерлі ісік (10,7%) және сүт безі қатерлі ісігі (7,8%) тұр.
Онкологиялық аурулардың 0-I сатысының ерте диагностикасында 2020 жылы қатерлі ісіктердің жаңа жағдайларының жалпы құрылымында 25,5% құрады. 2020 жылдың соңында бес жылдық өмір сүру деңгейі 54,0%-ға (2019 ж. - 52,5%) көтерілді.
Ересек тұрғындарға онкологиялық көмекті республикалық ұйымдар – «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» АҚ жүзеге асырады, аймақтарда 15 онкологиялық диспансер / орталық, 5 онкологиялық бөлім және 452 онкологиялық кабинет бар.
Скринингтер
2020 жылы коронавирус инфекциясы және ҚР аумағында эпидемияға байланысты карантин және індетпен күресуге қатысты басқа да шаралар енгізілуіне байланысты алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жоспарлы тексерістері ішінара тоқтатылды. Осыған байланысты 2020 жылы скринингтік тексерулермен жатыр мойны обыры бойынша - 786 690 әйел тексеріліп (жоспардың 83,5% -ы), 264 қатерлі ісік анықталды, оның 59,1% І сатысында; 744 972 әйел сүт безі қатерлі ісігіне тексеріліп, (жоспардың 75,5%), сүт безі қатерлі ісігінің 1072 жағдайы белгілі болды. Сүт безі қатерлі ісігінің 0-I сатысының үлес салмағы 48,6% құрады. 971 450 адам колоректалды қатерлі ісікке тексерілді (жоспардың 86,7%). Тексеру нәтижелері бойынша колоноскопиядан өткендер арасында ішектің қатерлі ісік алды аурулары 19 пайызы, ал колоректалды қатерлі ісіктің 187 жағдайы анықталды. I кезеңдегі колоректалды қатерлі ісіктің салыстырмалы үлесі 33,7%-ды құрады.
Аймақтардағы жаңа онкологиялық орталықтардың құрылысы
Қазақстанда жоғары мамандандырылған онкологиялық көмекті жоғары технологиялық орталықтар көрсетеді: Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (Алматы қ.), «УМІТ» Томотерапия орталығы (Нұр-Сұлтан), Ұлттық ғылыми онкология орталығы (Нұр-Сұлтан), Ядролық медицина және онкология орталығы (Семей қ.), Қарағанды онкологиялық орталығы, Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті (Ақтөбе) және Алматы онокология орталығы.
2019 жылы Павлодар қаласында жоғары технологиялық сызықтық үдеткіші бар жаңа онкологиялық орталық пайдалануға берілді, оны орнату жалғасуда. Жаңа үдеткіштің іске қосылуы сәулелік емдеумен қамтуды арттырады.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында (Ақтау) онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталды, нысан 2020 жылдың қыркүйегінен бастап пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта сызықтық үдеткішті, КТ-симуляторын және басқа емдеу-диагностикалық жабдықты орнату процесі жүріп жатыр.
Құрылыстың аяқталу сатысында Жамбыл облысында (Тараз қ.) жаңа онкологиялық орталықты заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен (сызықтық үдеткіш, КТ-симулятор, МРТ аппараты, эндоскопиялық жабдық және т.б.) жабдықтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, 2020 жылы Өскемен қаласындағы аймақтық онкология және хирургия орталығында жаңа жоғары технологиялық сызықтық үдеткіш сатып алынды. Қазіргі уақытта жабдықты орнату процесі жүріп жатыр.
Онкологиялық ауруларға диагностика жасау және емдеу
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Жоғары технологиялық сәулелік онкологиялық орталықтар дамып келе жатыр. Бұл жерлерде нақастарға қашықтан жоғары технологиялық сәулелену терапиясын (томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT), операция ішіндегі сәулелік терапияны, ағзалар мен тіндердің биотрансплантациясын, минималды инвазиялық хирургияны ұсынады. Клиникалық тәжірибеде әртүрлі биологиялық маркерлерді (иммуногистохимия, молекулярлық-генетикалық зерттеулер) анықтау үшін қызметтер ұсынылады. Бұл – қатерлі ісік ауруларын молекулалық биологиялық сипаттамаларын неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеу мүмкіндігін кеңейтеді.
Кешенді жоспар шеңберінде онкологиялық ауруларға күдікті науқастар КТ және МРТ тексерулерінен өтеді. 2020 жылдан бастап бұл қызметтер міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ұсынылып келеді.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының 2020 жылғы ғылыми қызметі
2020 жылы онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Білім және ғылым министрлігінің бес гранты бойынша зерттеулер жүргізді: генетикалық, иммуногистохимиялық, колоректальды қатерлі ісіктің биологиялық маркерлерін, өкпе мен сүт безі қатерлі ісігін, қалқанша безінің қатерлі ісігін зерттеу. Қазақстандағы Ходжкин емес В-жасушалы лимфомалардың молекулалық топшаларын анықтау үшін ген экспрессиясының профилін зерттейді.
Сондай-ақ, бұл институт негізінде клиникалық зерттеулер, соның ішінде сүт безі қатерлі ісігі мен өкпе рагын емдеуге арналған дәрілерді халықаралық негізде клиникалық зерттеу жүргізіледі.
Қоршаған ортаның канцерогендік факторларын зерттеу, сонымен қатар әртүрлі локализацияның онкологиялық ауруларының биологиялық маркерлерін зерттеу іске асыырылады.