Елімізде қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленуде

«Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Ол еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құруға әлеуметтік әріптестік тараптардың белсенді қатысуын қамтамасыз ететін жүйелі іс-шараларды айқындайтын болады. Норма шығару қызметі аясындағы тиісті жұмыстарды 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр», - деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша, осы жылдың 12 наурызында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия отырысында 2021-2023 жылдарға арналған бас келісім жасалды.

«Құжаттың негізгі мақсаты - лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету. Бұл толық жұмыспен қамтылған кезде жақсы өндірістік, әлеуметтік-еңбек әрі қауіпсіз жағдайларда лайықты төлемді, әрбір жұмыскерге қанағаттанушылықты, өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсету мүмкіндігін беретін жоғары тиімді еңбекті білдіреді», – деді ол.