Елімізде кейбір арнайы экономикалық аймақтар жабылуы мүмкін

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын сынға алды. Осы орайда ол нақты бірнеше аймақты анықтап, тек соларды ғана дамытуды ұсынды.
None
None

Премьер-Министр атап көрсеткендей, бүгінде республика бойынша құрылған 10 арнайы экономикалық аймақтың тек 2-уі ғана толыққанды іске қосылды. «Атыраудағы мұнай-химия паркі туралы айтып келе жатқанымызға біраз болды. Алайда оны тосқауылмен қоршап, тек жерді бөлумен ғана шектелдік. Ол әлі іске қосылмаған. Сол сияқты «Қорғас» та, 2011 жылы құрдық, бірақ әлі күнге дейін оның техникалық-экономикалық негіздемесі жоқ. Қазір тек 2 аймақ қана жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ол - «Бурабай» және «Оңтүстік». Дегенмен, «Оңтүстіктің» өзінде ғимараттар бос тұр. Әзірше, құр сөзден басқа ештеңе жоқ. Онда нақты үш арнайы экономикалық аймақты таңдап алайық та, соларды көтермейінше, басқаларын тоқтата тұрайық», - деді С.Ахметов.

Осы жұмысқа жауапты ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде шетелдік сарапшылардың қатысуымен әрбір арнайы экономикалық аймаққа сараптама жасалып жатыр. «Сондықтан ағымдағы жылы желтоқсанның соңына қарай біз аталған сараптаманың қорытындысын шығарамыз. Сол кезде еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, я болмаса, жабу бойынша нақты ұсыныс жасайтын боламыз», - деп атап көрсетті министр.

Соңғы жаңалықтар