Елімізде коронавирустан жазылғандар саны күн санап артып келеді - Айжан Есмағамбетова

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде коронавирустан емделгендер саны 2074-ке жетті. Бұл туралы ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде коронавирустан жазылғандар саны күн санап артып келеді - Айжан Есмағамбетова

«Бүгінде коронавирустан емделгендер саны 2074-ке жетті. Кеше ғана 130 адам емделіп шықты. Бүгін 15 адам емделіп шығады деп жоспарлануда», - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше күнде емделгендер саны күн сайын ауырып тіркелгендер санынан көп.

«Бұл - өте жақсы көрсеткіш, демек коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақталып келеді деген сөз. Бұл - елімізде енгізілген төтенше жағдай режимінің нәтижесі. Наурыз айында ауырғандар санының өсуі 150%-ды көрсетсе, соңғы тәуліктерде аурудың өсу көрсеткіші 2,3%-ды ғана көрсетуде. Бір апта ішінде бұл көрсеткіш 5%-дан аспады. Төтенше жағдай режимінің аяқталуы карантин шаралары түгел тоқтайды дегенді білдірмейді. Карантин режимін сақтау керек, бірақ еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты біртіндеп жұмсарып отырады», - дейді ол.