Елімізде ҚР-ның құрылыс техникалық регламенті әзірленетін болады

АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздің құрылыс саласын түбегейлі реформалау үшін жаңа құжат - Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленетін болады.

Елімізде ҚР-ның құрылыс техникалық регламенті әзірленетін болады

Бұл туралы бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында ҚР Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Реформалаудың әлемдік тәжірибесі құрылыс саласындағы техникалық реттеу жүйесінің барлық компоненттерін, атап айтқанда нормативтік базаны, қадағалау және бақылау жүйесін, сәйкестікті бағалау жүйесін бір мезгілде реформалау қажеттігін көрсетіп берді. Тек осы жағдайда ғана реформа табысты бола алады. Бірінші компонент - нормативтік база бойынша реформаның басты мақсаты нормалаудың параметрикалық тәсіліне біртіндеп көшу болып табылады. Озық елдердің тәжірибесі бойынша сапалы жаңа құжат - Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленетін болады. Үкімет бекітетін бұл құжат құрылыс саласының техникалық конституциясы болуы тиіс», деді отырыста С. Нокин.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті нормативтік жәрдемақылардың, мақұлданған нормалар мен стандарттардың құрамдауыштарымен жабдықталмақ. Сондай-ақ шетелдік моделдік құжаттарды сатып алу жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанда тікелей қолдану үшін пайдалана алатын үздік ережелерді айқындауға мүмкіндік береді.