Елімізде құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары дер кезінде көтеріліп отыр - Қ.Мәми

/strong>Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Елбасы Жарлығының ережелерін жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиналыс өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокурор өз сөзінде алдағы өзгертудің қазіргі уақыт талабына сай екенін атап, қабылданған Жарлықтың мазмұны уәкілетті органдардың ұйымдастырушылық құрылымын жетілдіруге және оларға тән емес жүйелерді алып тастауға, олардың құзыретін неғұрлым нақты бөлуге, қылмыстық заңнаманы ырықтандыруға бағытталғанына баса назар аударды.

"Құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жай-күйіне, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарды сауықтандыру мен оңалту бойынша атқарушы билік органдарының жауапкершілігі едәуір артырылады. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне негізсіз араласу деректерін болдырмау және бақылау-қадағалау жүйелері бар мемлкеттік органдарды одан әрі қысқарту түрінде бизнеске қысым жасауды азайту шаралары қарастырылған", дейді Бас прокурор.

Сондай-ақ ол құқық қорғау мен сот органдары жұмысында кемшіліктер мен білместіктердің орын алғандығын жеткізді. "Республика бойынша қылмыс 14 пайызға өссе, Алматыда 50, ал Алматы облысында 30 пайызға жеткен. Ұрлық пен қасақана адам өлтіру оқиғасының үштен екісі ашылмаған", дейді Қ.Мәми.

Бас прокурор құқық қорғау органдарының басшыларынан атқарушы органдармен бірге Елбасының Жарлығының тиісінше жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, алдын алу жұмыстарының деңгейін және ұйымдасқан қылмыспен күрес нәтижесін көтеруді талап етті. Сонымен қатар бас бостандығынан айыру мекемелерінде ұсталып отырған адамдардың конституциялық құқықтарының бұзылу дерегі бойынша жедел ықпал ету шараларын қабылдауды, қоғамдық институттар мен іс-қимыл жасауға және азаматтармен кездесуге ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Алқалы жиынға Алматы қаласы мен облысының құқық қорғау, бақылау-қадағалау, атқару органдары мен соттардың, сондай-ақ "Нұр Отан" ХДП өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар