Елімізде құқыққа қайшы контенттер мен көпе-көрінеу жалған ақпарат арасы нақты белгіленбеген - И.Братцев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда құқыққа қайшы контенттер мен көпе-көрінеу жалған ақпарат арасы нақты белгіленбеген. Бұл туралы бүгін Алматы өтіп жатқан «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы INTERNETCA-2014» бесінші Орта Азиялық форум барысында «MediaNet»Халықаралық журналистика орталығының директоры Игорь Братцев мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы екі ұғымның ара-жігі нақты белгіленуі тиіс. «Елімізде «Байланыс туралы» заңға өзгертулер енгізілгені белгілі. Ол Қазақстандағы ақпараттық кеңістікті реттеуге бағытталған. Бірақ меніңше, бұлар тек алдын алу шаралары секілді. Мысалы, болашақта сотсыз, тергеусіз, бірнеше сағат ішінде белгілі бір ресурстар оқшаулануы ықтимал. Оның не үшін жабылғандығы туралы толық мәліметтерді тек артынан ғана білуге болады. Сонымен қатар, Қылмыстық Кодекске де өзгерістер енгізілді. Енді көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Бұл жерде жеке пікірлер де көпе-көрінеу жалған ақпарат болып саналуы мүмкін. Бұл меніңше өте қатаң жаза» - деді өз сөзінде Игорь Братцев. Сонымен қатар бүгінгі форумда Қазақстанда ғаламтордың қарқынды дамып жатқанды сөз болды. Ғаламторды пайдаланушылар санының өскендігі ұялы операторларға да жаңа қызметті игеруге септігін тигізуде. «Ғаламтор бүгінде біз үшін ең қызықты бизнес көзіне айналды, - деді өз сөзінде осы форумның басты серіктесі «КаР-Тел» ЖШС корпоративтік коммуникация қызметінің директоры Алексей Бендзь - Өйткені дауыстық қызметтер бұрынғыдай табыс әкелмейді. Қазір ғаламторды пайдалану Қазақстанда бір жылда екі есеге дейін өсіп жатыр. Сондықтан біз ғаламтордың адамдар үшін таптырмайтын көмекшіге айналуына мүдделіміз. Әрине, кез келген прогрессивтік бастамалар адамдарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Сондай-ақ оларға қатысты әр түрлі тәуекелдер, қауіп-қатерлер қатар жүретіні табиғи нәрсе. Ғаламтор да автокөлік секілді. Автокөліктің адам өмірінде алатын орны зор. Адамдар соның арқасында уақытын үнемдейді, отбасын асырайды. Ал басқа жағынан алып қарағанда, елімізде жол апатынан қаншама адам опат болып жатыр. Сондықтан ғаламтор пайданалушылары да бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесін ескерулері қажет. Вирустар болмас үшін, балалар жағымсыз сайттарға кірмес үшін тиісті бағдарламалар орнату қажет». Естеріңізге сала кетейік, форум екі күнге созылады. Бүгін қатысушылар Орталық Азия елдерінде Интернеттің дамуы барысы талқыланады. Оған мемлекеттік органдар мен Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, академиялық орта мен бизнес дипломаттар өкілдері, интернет-белсенділер, журналистер, заңгерлер және шетелдік интернет-сарапшылар қатысты. Сонымен қатар, форумға Орталық Азияның 5 елінен - Ресейден, Украинадан, Литва, Беларусь елдерінен сарапшылар қатысуда. Айта кетейік, шара Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының және Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігінің демеушілігімен ұйымдастырылып отыр. Форумның бүгінгі жиыны осымен аяқталды. Ертеңгі жиын барысында интернеттегі сөз бостандығы, интернеттегі әлеуметтік жобалар және интернетте имидж қалыптастыру жолдары сөз болады.