Елімізде күнкөрісі төмен халықтың үлесі 2,7 пайызды құрайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша Қазақстан Республикасындағы табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен халықтың үлесі 2015 жылдың 2 тоқсанында 2,7 пайыз (464,8 мың адам) құрады. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңнен 0,2 пайыздық тармаққа аз.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комиттетінің хабарлауынша, табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен ауылдық жердегі халықтың үлесі қалалық жердегі халықтың үлесінен 4,6% (346,8 мың адам) құраған.
«2015 жылдың 2 тоқсанында табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен халықтың басым үлесі Оңтүстік Қазақстан (5,3%), Солтүстік Қазақстан (3,4%), облыстарына келеді, ең аз үлесі Астана (0,4%) мен Алматы (0,7%) қалаларында байқалады. Үй шаруашылықтарының ақшалай шығыстары олардың материалдық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Халықтың шығыстары мен тұтынуы децильдік бөлу кезінде табыстар сияқты айтарлықтай саралануды көрсетеді. Сонымен, мысалы, 2015 жылдың 2 тоқсанында 10% ең аз және 10% ең көп қамтамасыз етілген халықтың азық-түлік тауарларына жұмсаған шығыстары арасындағы айырмашылық 4,2 есені, азық-түлік емес тауарларға - 6,1 есені, ал ақылы қызметтерге - 8,2 есені құрады», - делінген баспасөз баянында. Фото: zakon.kz