Елімізде Құрлық әскерлерінің бригадалық тактикалық оқу-жаттығулары басталды
АСТАНА. 11қаңтар. ҚазАқпарат - Еліміздің оңтүстігінде ҚР Қарулы Күштерінің дайындық жоспарына сәйкес кезекті оқу-жаттығулар басталды.
Оған Аэроұтқыр әскерлері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшылары басшылық жасайды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, өткізіліп отырған бригадалық-тактикалық жаттығуларда Құрлық әскерлерінің десанттық-шабуылдаушы, механикаландырылған және артиллериялық бригадалары нақты жауынгерлік атыстарды пысықтамақ. Бұл жаттығуға 3500-ден астам әскери қызметші, 650-ден астам жауынгерлік және арнайы техника тартылған. Мұндай көлемдегі оқу-жаттығулар қысқы жағдайда тұңғыш рет өткізілуімен ерекшеленеді.
«Жаттығулар Талдықорғаннан басталды. Аэроұтқыр әскерлері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің құрамалары мен бөлімдері жауынгерлік әзірлікке тартылып, жеке құрам дер кезінде оқу-жаттығу өткізілетін аудандарға шоғырланды. Әскерлерді қайта топтау 1000 шақырымнан астам қашықтықтарға жасалып, марш араластырылған тәсілдермен өткізіледі. Бұл техника өз жолымен, әуе және теміржол көлігімен жүреді деген сөз. Жаттығулардың шешуші кезеңі ақпан айының басында Құрлық әскерлерінің «Мәтібұлақ» полигонында өтетін болады», - делінген ведомство ақпаратында.
Оқу-жаттығулар өткізілетін аудандарға тылдық, техникалық және медициналық қамтамасыз ету орындары жайғастырылды. Марштан кейін оқу-жаттығуларға қатысушылар нақты жауынгерлік іс-әрекеттерге даярлықты бастайды. Одан кейін бригада құрамында қарсы шабуыл мен жауынгерлік атысты қолдану арқылы қорғану ұрыстары өткізілетін жауынгерлік мақсаттағы мекенге шығады. Жаттығулардың жоспары лаңкес топтарды, олардың базаларын, қоймаларын жою, сондай-ақ әскерлерді жан-жақты қамтамасыз ету барысында қорғануды ұйымдастыруды, әскерлерді басқаруды қамтиды.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жауынгерлік тәртіпке, атыс жүйесіне, аймақты дұрыс қолдану қабілетіне, атыс, соққы мен маневрлерді сауатты үйлестіруге үлкен көңіл бөлінеді.