Елімізде күш-қуат құрылымдары арасындағы текетірес, бәсекелестік жойылды - ҚР Бас прокуроры
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда күш-қуат құрылымдары арасындағы текетірес, бәсекелестік жойылды.
Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР-дағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, есірткі заттарының заңсыз айналымының жағдайы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тақырыбына қатысты құқық қорғау органдары басшыларымен өткізіп жатқан кеңесінде ҚР Бас прокуроры осылай деді.
«Негізгі жетістіктер қатарында ұзақ уақыт бойы күш-қуат органдары арасында байқалып, біздің ортақ ісімізге түзелмейтін зиянын келтірген ведомствоаралық текетірес, бәсекелестіктің еңсерілгенін бөле-жара атап өткім келеді», - деді ол.
Сондай-ақ ол барлық құқық қорғау және сот жүйесінің жұмысы үйлестірілгендігін баса айтты. Дегенмен де, оның сөзіне қарағанда, өткен жыл ел аумағында тіркелген қылмыс саны 2011 жылмен салыстырғанда 39 пайызға өсіп, 288 мың қылмысты құраған. «Әрі бұл шегі емес. Біз жартыжылдықтың соңына дейін оларды толық тіркеуді мақсат етудеміз», - деді А.Дауылбаев.