Елімізде лотереялар туралы заң жоқ, ал оның өзі қарқынды дамып келеді - Р.Шаекин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент 8 жылдан бері лотереялар туралы заң жобасын қабылдай алмай келеді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Рауан Шаекин осы мәселені көтерді. Еске сала кетейік, Мәжіліс бүгін аталған заң жобасымен жұмысты жалғастыру туралы қаулы қабылдаған болатын.

Елімізде лотереялар туралы заң жоқ, ал оның өзі қарқынды дамып келеді - Р.Шаекин

Депутат Рауан Шаекиннің айтуынша, заң жобасы осымен бірнеше мәрте Мәжіліске «бас сұғып, қайта шығып жүр». Соның салдарынан сегіз жыл бойы отызға тарта баптан тұратын құжат қабылданбай келеді. «Бізге бірқатар өзекті проблемаларды шешіп беретін лотереялар туралы заң керек. Атап айтқанда, аталған заң төленетін салықтарды нақты айқындауы керек. Лотереяға қызығатын азаматтардың ашуын тудырмайтындай ойын ұтыстарының нақты төленуін қамтамасыз етуі керек. Ал ойыннан түсетін қаражат әлеуметтік проблемаларды шешуге, спорт пен дене шынықтыруды қолдауға жұмсалуы керек, бұл негізгі позиция», - дейді Р.Шаекин. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасының бастамашылары «қызметтің бәрін бір қақпаға бағыттауды» қалап отыр. Яғни, басында бір ғана орган тұрып, қаражатты да өздері басқарғысы келеді. «Біз бұған келіспейміз. Қараңыздар, бұған дейін елімізде ешқандай заң қабылданған жоқ, алайда лотереялық қызмет Қазақстанда гүлденіп келеді. Мәселен, 2007 жылы біз бұл құжатпен таныса бастаған кезде «лотерея терминалы» деген ұғым да болған жоқ, қазір бұл бар. Ал біз болсақ бұл құжатты Парламенттің суырмасынан әрі шығармай, жұмысты әлі де жалғастырып келеміз. Ал неге қабылданбай жатыр дегенге жауап дайын: «заң жобасы Парламентте, олар әлі қабылдамай жатыр» дейді. Ендеше, «доп біздің алаңда» болғандықтан, бұған біз кінәлі секілді көрінеміз. Мәселе ұсынылған заң жобасының сапасында болып тұр ғой», - деді депутат. Оның айтуынша, лотереялық қызметтің заңмен реттелмеуі еліміздің криминогендік жағдайына да жағымсыз әсер етіп жатыр.