Елімізде мамандарды қайта даярлау жүріп жатыр – Еңбек министрі
«Өткен жылы біздің министрлік жаңа кәсіптер атласын әзірлеп, барлық мамандықтар бойынша талдау жасалды. Цифрландыруға көшу бір жағынан кейбір маман иелеріне сұранысты азайтса, екінші жағынан замауани мамандықтар пайда болып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мамандықтар бойынша талдау нәтижесі көрсеткендей, жақын арада 239 жаңа мамандық пайда болып, 95 мамандық қайта өзгереді және 129 мамандық жойылады екен», - деді Серік Шәпкенов Үкімет үйінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәліметінше, бүгінде елімізде заманауи мамандықтарды игеру мен кейбір маман иелерін қайта даярлауға қатысты шаралар қолға алынды.
«Қазір «Еңбек» платформасында мамандарды қайта даярлау, онлайн оқыту жүріп жатыр. Сондай-ақ, оларды бейімдеу офлайн форматта да жүзеге асырылуда. Осы орайда айтып өтетін бір жайт, мамандық мүлдем жойылып кетпейді, тек заман талабына сай бейімделуі тиіс. Сол үшін де біз отандық мамандарды қайта оқытып жатырмыз», - дейді ол.
Бұған дейін ведомство басшысы кепілдендірілген әлеуметтік пакет аясында аз қамтылған отбасыларға берілетін азық-түліктің сапасына қатысты сынға жауап берді.
Одан бөлек, Серік Шәпкенов Қазақстанда бала санына қарамай теңдей жәрдемақы беру мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде ана мен баланы қорғау бағытында бірқатар кешенді шаралар қарастырылған.