Елімізде медиация институтын енгізу және дамыту бағдарламасы әзірленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Соттың бастамасымен жүзеге асырылған азаматтық сот өндірісіне медиация рәсімін енгізу жөніндегі пилоттық жоба іс жүзінде өзінің нәтижелілігін көрсетіп берді.
Жалпы алғанда, «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданып, сол жылы 5 тамызда күшіне енді.
Жобаны іске асыру мақсатында елімізде медиация институтын енгізу және дамыту бағдарламасы әзірленді.
Соның негізінде 300-ден астам медиатор оқытылды. Сонымен қатар, судьяларға арналған оқыту семинарлары, тұрғындар арасында медиацияны насихаттау жөнінде іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Кәсіби емес медиаторларды оқыту бағдарламасын әзірлеу, оқу бағдарламаларын жақсарту жөніндегі ұсыныстар дайындау, медиаторларды аккредитациялау және аттестациялау, дауларды соттан тыс шешудің мүмкіндіктері туралы жұртшылықты хабардар ету және медиация институтын дамыту сынды бірқатар іс-шаралардан тұратын кешенді жұмыстың бастапқы кезеңі аяқталды.
Азаматтық сот өндірісіне сот медиациясын (бітімгершілік рәсімдерді) енгізу жөніндегі пилоттық жоба 2014 жылдың мамыр және желтоқсан айлары аралығында республика соттарында жүзеге асырылды.
Пилоттық жобаның шеңберінде сот медиациясы қолданыла отырып, барлығы 3 939 іс аяқталды. Соның ішінде, аудандық соттарда - 3 816 іс, апелляциялық тәртіппен облыстық соттарда 123 іс қаралды.
Осы істердің жалпы санының басым бөлігі Шығыс Қазақстан (18,4%), Оңтүстік Қазақстан (18%), Батыс Қазақстан (16,1%) және Қостанай (8,8%) облыстық соттарында қаралған.
Талдау көрсеткендей, сот медиациясы, негізінен, берешекті өндіру, соның ішінде, коммуналдық төлемдер, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға алимент өндіру және некені бұзу туралы істер бойынша қолданылған.
Аталған жобаны жүзеге асыру барысында келіп түскен ұсынымдар осы институтты заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесін шешу үшін Азаматтық процестік кодекс жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жолданды.
Пилоттық жобаның нәтижелері судьяның қатысуымен сотта татуластыру рәсімдерін қолдану мәселелері бойынша дәлелді заңнамалық түзетулер енгізудің қажеттілігін айқындап берді. Тұтастай алғанда, халықаралық тәжірибені ескере отырып, медиация институтын одан әрі жетілдіруге, сот әділдігін жүзеге асыруды дамытуға, соттардың жүктемелерін азайтуға, іскерлік белсенділікті арттыруға және елде қолайлы инвестициялық ахуал құруға ықпал етеді.