Елімізде медицина мамандарының білімі тәуелсіз комиссия арқылы бағаланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина кадрларын даярлау сапасын арттыру мәселелері жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі кезде жоғары білімді денсаулық сақтау кадрларын даярлауды 5 мемлекеттік медициналық ЖОО, 3 мемлекеттік емес ЖОО және көпбейінді университеттер құрамындағы 6 факультет жүзеге асырып отыр.
«2018-2019 оқу жылында медициналық ЖОО-ға 6380 адам қабылданды. Оның ішінде республикалық бюджет шеңберінде - 2661 адам, жергілікті бюджет шеңберінде - 459 адам, ақылы негізде - 3260 адам», - деп мәлімдеді министр.
«Кадр даярлау сапасын арттыру мақсатында 2016 жылы медициналық және фармацевтикалық білім беру және адами ресурстарды басқару жүйесін жаңғырту бойынша жоба басталды. Осы жобаның шеңберінде «Назарбаев университеті» моделі үлгісінде әлемдегі үздік 500 оқу орнының қатарына кіретін шетелдік университеттер тартылды, бұл - АҚШ, Швеция, Италия, Түркия, Литва мен Польшаның медициналық мектептері» - деп жалғастырды ол.
Бұдан басқа, министр стратегиялық әріптестікті іске асыру шеңберінде Швеция, Франция, Польша, Чехия, Италия, Үндістан және Түркиядан басқарушы позицияларға және кафедра профессорлары ретінде 9 шетелдік маманның тартылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап студенттер мен бітіруші мамандардың білімін аралық тәуелсіз бағалау жүйесі енгізілді. Ол бойынша тәуелсіз комиссия арқылы маманның медициналық кәсіби және практикалық білімі тексеріліп, соның негізінде арнайы лицензия беріледі.
Сондай-ақ, кадр тапшылығын азайту мақсатында мемлекеттік ұйымдарда үш жыл жұмыспен өтеу талабы енгізілді (2016 жылдан бастап - резидентураны бітірушілер үшін, 2019 жылдан бастап - интернатураны бітірушілер үшін). Министрдің айтуынша, өңірлерде тапшы мамандықтар, атап айтқанда неврология, кәсіби патология, фтизиатрия, медициналық реабилитология, клиникалық фармакология, анестезиология және реаниматология, клиникалық зертханалық диагностика бойынша қайта даярлаудан кейін аудан және ауылдық денсаулық сақтау мекемелеріне жіберіледі.