Елімізде Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі бірлескен комиссия құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанынан Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі бірлескен комиссия құрылды. Аталған комиссия құрамына министрлік өкілдерінен бөлек, депутаттар, профильді қауымдастықтар өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева еніп отыр. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.
Комиссия медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша ұсынымдар әзірлеумен, отандық денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарлы стандарттар енгізу жөнінде ұсынымдар дайындаумен айналысады. Бұдан бөлек, Медициналық қызметтер жөніндегі бірлескен комиссия өз құзыреттері шегінде мәселелерді қарастыру үшін сараптамалық және жұмыс топтарын құруға құқылы болады, мүдделі тараптармен өзара әрекеттестікті реттеуді бекітуді жүзеге асырады. «Сонымен бірге талдаулар, бағалаулар мен сараптамалар жасау мақсатында қажеттілігіне қарай министрліктің штаттан тыс мамандарын, сарапшыларды, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар өкілдерін, денсаулық сақтау субъектілерін комиссия жұмысына тарта алады. Денсаулық сақтау саласында заңнаманы жетілдіру үшін ұсыныстар енгізуге де құзыреті болады», делінген баспасөз баянында.