Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ену үшін емханаларға тіркелу науқаны басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тәртібі енгізілгеннен кейін, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 15 санаттағы азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарнаны мемлекет төлейді.

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ену үшін емханаларға тіркелу науқаны басталды

Емхана -  адамдарға медициналық  көмек көрсететін, сондай-ақ, аурудың алдын алу шараларын жүргізетін мекеме. Бұнда Сіздің қай мекенжайға тіркелгеніңіз маңызды. Себебі, азамат бір мекенжайда тұрғылықты өмір сүргенімен, сол жерге тіркелмеген болуы мүмкін. Осы ретте азаматқа медициналық қызмет көрсету  бойынша қиындықтар туындайды.

Сол себепті әр қазақстандық азамат 5 сәуір мен 31 маусым аралығында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз мәртебесін анықтау керек», - деді Лязат Ақтаева. 

Үш ай аралығында жүргізілетін тіркелу науқаны өз кезегінде өте маңызды шара болып табылады. Бұл - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық кезеңі болып табылады.

Әр азамат қазірден бастап, өзінің азаматтардың қай санатына жататынын анықтаған жөн. Ол үшін жарнаны кім төлейді: мемлекет пе, жұмыс беруші ме, әлде, өзі ме? Бастысы- осыны түсініп алу.

Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына тіркеу тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс, оқу, дәрігерді еркін таңдау, медициналық ұйымды бір әкімшілік-аумақтық бірлік құзыреті бойынша жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда азаматтар дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде емханаға тіркелу бір жылда бір реттен артық болмауы тиіс.

ӘМСҚ ұйымдарына тіркелу үшін азамат сол ұйымға өтініш білдіруі қажет. Ал отбасы мүшелерін тіркеу үшін олардың жазбаша келісімімен бірге әрбіреуінің жеке бас куәлігі болуы шарт.

ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті өкілдерінің сөзіне сүйінсек, емхананы таңдау кезінде медициналық қызмет көрсетуші ұйымның сіздің тұрғылықты мекенжайыңызға жақын болғаны жөн. Бұл Сізге  және Сіздің учаскелік дәрігеріңізге де ыңғайлы. Жедел көмек қажет болғанда уақытында келген дәрігер жедел және сапалы көмек көрсете алады.

Азаматтарды емханаға тіркеу МӘМС жүйесіне қатысу үшін өте маңызды. Өйткені емхана арқылы денсаулық сақтау жүйесіне және атап айтқанда, сақтандырылған азаматтар - медициналық сақтандыру пакеті аясында медициналық қызметтер пакетіне қол жеткізеді

Сонымен Сіз емхананы таңдадыңыз, енді оған қалай тіркелу керек? Мұны жүзеге асыру өте оңай.

Бұл үшін Сізге емханаға жеке куәлігіңізбен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазу қажет. Өтінішті тіркеу қабылдау барысында Сізден ешқандай мекенжай анықтамасы талап етілмейді. Сізді тіркеу өтініш түскен күні жүзеге асырылады.

Емханаға тіркелудің екінші тәсілі "Электронды үкімет" (еgov.kz) порталы арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін электрондық құжат нысанында азаматтың мәліметтерін көрсете отырып, сұрау салу қажет. Емханадағы жауапты қызметкер электрондық сұрау салуды тиісті ақпараттық жүйелерден алады және азаматтың тіркеу туралы талонын рәсімдейді.  Одан кейін азаматтың тіркелгені туралы ақпаратты "еgov" порталындағы «Емхананы таңда» бөлімінен алуға болады.

Сондай-ақ, азамат тек бір емханада ғана тіркеле алады және оның біруақытта бірнеше емханаға тіркелуі мүмкін емес. Азаматтардың өздері өтініштермен келіп, ӘМСҚ ұйымдарына тіркеу кезінде, бұдан бұрын бекітілген БМСК ұйымдарынан автоматты түрде  шығару «Азаматтарды тіркеу регистрі» порталы арқылы жүзеге асырылады.