Елімізде мүгедектіктің жасару үдерісі байқалып отыр - Т. Дүйсенова
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде мүгедектіктің жасару үдерісі байқалып отыр.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан жағдайында мүгедектердің құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын жүзеге асыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы бес жылда халық арасында ауруға байланысты туындайтын мүгедектік деңгейі артып келеді. Мәселен, бүгінгі күні ересек жастағы мүгедектердің 23,8 пайызы қан айналымы жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар болып отыр. Сонымен бірге, мүгедектердің жалпы санының 17 пайызын онкологиялық науқастар, 15,3 пайызын өндірістік-тұрмыстық жарақат алғандар құрайды. Бұнымен қоса, балалар арасындағы туа біткен мүгедектік мәселесі де алаңдатады. Атап айтқанда, бүгінгі күні мүгедек балалардың 32,6 пайызы туа біткен жарымжан сәбилер болса, жүйке жүйесі аурулары бойынша мүгедектікке жататындар мүгедек балалардың 25 пайызын құрайды», деді Тамара Дүйсенова. Оның айтуынша, 1-ші топтағы мүгедектер мүмкіндігі шектеулі жандардың 10,1 пайызын, 2-ші топтағылар 53,9 пайызын, 3-ші топтағылар 36 пайызын құраған. «Сонымен бірге, елімізде мүгедектіктің жасару үдерісі де байқалып отыр. 2008 жылдың қорытындысы бойынша республикада мүгедектер қатарына жатқан адамдар саны 44,4 мың адамды құраса, олардың 75 пайыздан астамы еңбекке қабілетті жастағылар. Ал осы мүгедектердің әрбір бесіншісі ? балалар», - деді жауапты хатшы.