Елімізде мұнайға арналған кедендік баж салығы 1 тоннасы үшін 40 долларға дейін ұлғайтылды

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Елімізде 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнайға арналған экспорттық кедендік баж салығы 1 тоннасы үшін 20 доллардан 40 долларға дейін ұлғайтылды.

Елімізде мұнайға арналған кедендік баж салығы 1 тоннасы үшін 40 долларға дейін ұлғайтылды

ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы №1445 қаулысы бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

«Баж ставкасы (1000 кг үшін доллармен)» деген бағандағы «20» деген сандар «40» деген сандармен ауыстырылсын», делінген құжатта.

Қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Төменде қаулының толық мәтінін таратамыз:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №1445

2010 жылғы 30 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 15 қазандағы №1036 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. «Шикі мұнай мен мұнайдан жасалған тауарларға кедендік әкету баждары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 15 қазандағы №1036 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., №38, 533-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулыға қосымшада:

«СЭҚ ТН бойынша тауардың жіктеуіші» деген бағанда:

«2709 00 900 2, 2709 00 900 8» деген сандар «2709 00 900 3, 2709 00 900 7» - деген сандармен ауыстырылсын;

«Баж ставкасы (1000 кг үшін доллармен)» деген бағандағы «20» деген сандар «40» деген сандармен ауыстырылсын.

2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі екі апта мерзімде Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Интеграциялық комитетінің Хатшылығын Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын сыртқы сауда қызметін реттеу жөніндегі шаралар туралы хабардар етсін.

3. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.