Елімізде мұсылман әйелдерге арналған «СалНұр» рухани-танымдық журналы жарық көрді

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада таяуда жарық көрген «СалНұр» әйелдерге арналған рухани-танымдық журналының таныстырылымы өтті.

Елімізде мұсылман әйелдерге арналған «СалНұр» рухани-танымдық журналы жарық көрді

«Бұл Қазақстандағы мұсылман әйелдерге арналған тұңғыш журнал. Басылымды жарыққа шығаруымыздың негізгі мақсаты - қазақстандық қоғамда рухани адамгершілік қағидаларын жаңғыртумен қатар мұсылман әйелінің сұлулығын, әзиз ұлылығын паш ету», дейді басылымның бас редакторы әрі құрылтайшысы Гүлнәр Адамова.

Отбасындағы ана рөлінің ерекшелігіне, ананың ғұмыры, өмірі бала тәрбиесімен тығыз байланысты екендігіне тоқталған журнал редакциясы алқасының мүшесі Төлеу Аймағанбетова «Содықтан журналда біз осы мәселеге баса назар аударып, «балалар мүйісі» деген айдармен балаларға арналған мақалалар топтамасын да басып отырамыз», деді өз сөзінде. Бұл орайда басылым ислам дінін жас жеткіншектер арасында кеңінен насихаттау, балалардың ислами мәдениетін қалыптасыру әрі жамыту мақсатында «Мен мұсылман баласымын» атты балалар байқауын да жариялап отыр.

Шара барысында журналдың тұсаукесер рәсімімен құттықтаған Индустрия және сауда министрлі жанындағы «Халал» стандарты бойынша техникалық комитеттің төрағасы Марат Сәрсенбаев «шариғат бойынша жәннаттың кілті - намаз, намаздың кілті - дәрет, ал негізінен шаңырақтың тазалығы, адалдығы - ана. Сондықтан аналарға арналған осындай журналдың шығып отырғанына өте қуаныштымын», деді өз сөзінде. М.Сәрсенбаев сондай-ақ өзі басшылық жасап отырған комитет тарапынан да қолдау көрсетіп, халал стандартына, индустриясына, халал кәсіпорындарына қатысты жаңалықтарды беріп отыруға ниетті екендігін жеткізді.

Қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет 3000 дана таралыммен жарық көретін журналдан исламша өмір сүру деген не, қазіргі замандағы мұсылман әйелдерінің дүниетаным қандай, оның отбасы мен бала тәрбиесіндегі алар орны сияқты сауалдарға мол мағлұмат алуға болады.