13:53, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Елімізде нашақорлар саны артып, ал маскүнемдер азайып келеді ? ІІМ
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздегі нашақорлар саны 3-4 пайызға өскен, ал маскүнемдердің саны керісінше кеми түсуде.

Бұл мәселеге байланысты жағдайды бүгін Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Молдияр Оразалиев баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ішкі істер саласының қызметкерлері нашақорлармен күрес жұмыстарын кешенді жүргізуде. Ал маскүнемдердің азаюына байланысты қазір республикадағы айықтырғыштардың саны да кеміп отыр. «Нақтырақ айтқанда, бұрындары елімізде барлығы 45 айықтырғыш бар болатын болса, қазір олардың саны - 29. Бұл мәселеге қатысты қазір қоғам арасында көпетеген пікір бар. Мысалы, айықтырғыштар жабылатын болса, маскүнемдер мен олар тарапынан жасалатын қылмыстар саны көбейеді деген әңгімелер шығып жүр. Бұған жауап ретінде біздің айтарымыз, Жамбыл облысында бірде-бір айықтырғыштың жоқтығына қарамастан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде маскүнемдер тарапынан жасалған қылмыстар саны 28 пайызға төмендеді», - деді комитет төрағасы. Оның деректеріне қарағанда, бүгінде республика бойынша ішкі істер саласының арнайы есебінде 250 мың адам тұрады. Оның ішіндегі маскүнемдер саны 83 мыңды, ал нашақорлар 28 мыңды құрайды.