10:43, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Елімізде Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі дайындық жұмыстары аяқталды ? Г. Әбдіхалықова
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Елімізде Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі дайындық жұмыстары толығымен аяқталды.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі министрліктердің, ведомстволардың, әкімдіктердің бірлескен дайындық жұмыстары толғымен аяқталды және біз оны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісіп кеттік, деді өз сөзінде Г. Әбдіхалықова.Оның айтуынша, қажетті нормативтік-құқықтық база құрылған, республикалық бюджет туралы заңға, халықты жұмыспен қамту және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты заңнамаларға өзгертулер енгізген. «Жол картасын» жүзеге асыруға 140 млрд. теңге бөлінді, мақсатты топтарға кіретін тұлғалардың саны көбейтілді, әлеуметтік төлемдердің мерзімі 4 айдан 6 айға ұзартылды. Барлық деңгейдегі мәслихаттар жергілікті бюджеттерді нақтылады, 51,3 млрд. теңге мөлшерінде «Жол картасын» теңдей қаржыландыру сомасы анықталды», - деді министр. Г. Әбдіхалықованың сөзіне қарағанда, қол қойылған келісімдерге, мамыр айында қаржыландыру жоспарына сәйкес облыстар, Алматы және Астана қалаларының әкімдеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге 14,6 млрд. теңге, әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар тәжірибесін құруға 324 млн. теңге, кадрларды қайта даярлау жөніндегі міндеттерді іске асыруға 334 млн. теңге сомасында трансферттер аударылған. «Мамырдың 8-інен бастап еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттік сатып алуларды жүргізудің айырықша тәртібін қолдана отырып, «Жол картасы» бойынша жұмыстарды жүргізудің конкурстық рәсімдері басталды. Мамырдың 26-сына дейін 2313 жоба бойынша конкурстық мемлекеттік сатып алулар өткізілді. Бұл жобалардың жалпы санының 48,4 пайызы», - деді Г. Әбдіхалықова.