Елімізде өрттен 600-ден астам адам ажал құшып, 6 млрд. теңгеден астам материалдық шығын келді
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Жыл сайын республикада 18 мыңнан астам өрт тіркеледі. Одан келген материалдық шығын 6 млрд. теңгеден астам.
Өрт салдарынан 600-ден астам адам қаза болады. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы мен Мәжіліс депутаттарының кездесуі барысында Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, өртке қарсы мемлекеттік мекемелердің бөлімшелері дабыл бойынша 50 мыңнан астам шақыртуға барады. Оның ішінде 16 мыңнан астамы өрт бойынша және 3,5 мыңы апаттық-құтқару жұмыстарына байланысты.
Комитет басшысының айтуынша, өрттің 70 пайыздан астамы жеке секторға тиесілі, 10 пайызға жуығы көлік құралдарына, 6 пайызы орман және дала өрттері, 4 пайызы өндірістік нысандардың үлесінде, сондай-ақ 3 пайызы сауда және әкімшілік ғимараттарда және 7 пайызы түрлі мақсаттардағы нысандарға қатысты.