Елімізде остеопороз дертіне шалдыққандар саны көбеюде
АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Бүкіләлемдік остеопорозбен күрес күні. Осыған орай елдордадағы № 8 қалалық емханада аталған аурудың алдын алу мәселелеріне арналған ашық есік күн өтуде.
Астана қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім бастығы Жәннат Сәрсенбековтің атап өтуінше, іс-шара халық арасында осы остеопороз дертінің кең ауқымда таралып отырғандығын көрсетуге бағытталған. Кеуектелудің, яғни ағзадағы зат алмасуының, қалций алмасуының бұзылуы салдарынан сүйектің сынғыштығына әкелетін бұл дерт бүгінде 50 жастан асқан әйелдерде көбірек кездесіп отыр. Мәселен, статистикалық деректерге қарағанда, Еуропа кеңістігінде әрбір 30 секунд сайын остепороз салдарынан сүйектің сынуы тіркеледі екен. Ал жалпы әлемде 50 жастан асқан әрбір 3-ші әйел, сонымен қатар әрбір 5-ші еркек осы дертке шалдығады. Болжам бойынша таяу 50 жылдың ішінде остеопорозға шалдыққандар саны 2 есеге ұлғаймақ. Айта кетерлігі, елімізде де травматология бөліміне түскен әрбір 5-ші науқас остепорозбен байланысты сүйек сынуы диагнозымен емделеді екен.
«Бұл дерттің алдын алудың негізгі шарасы - дұрыс тамақтану, темекі шегіп, арақ ішіуден және басқа да жат қылықтардан арылу, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану», - деді Ж.Сәрсенбеков.
Оның атап өтуінше, қала халқына осы дерттің салдарын түсіндіру үшін көшелердегі, қоғамдық көліктердегі түрлі-түсті дисплейлерде бейнероликтер көрсетіліп, білікті мамандар остепороздың негізгі белгілері және оның алдын алу шараларын насихаттауда.
«Бұл дерт соңғы 5 жылда елімізде көбейіп келе жатыр. Оған халық арасында дұрыс насихатталмауы, бұндай аурудың бар екендігі туралы ақпараттардың аз болуы себеп болып отыр», - деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі шараның өтуіне Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы, қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және Жедел медициналық көмек көрсету орталығы ұйытқы болып отыр.