Елімізде өткен сайлау бүкіл Орталық Азия аймағында демократиялық жағынан ең жақсы сайлау деп бағаланып отыр- Мемлекет басшысы

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елімізде өткен сайлау тек қазіргі Қазақстан тарихында ғана емес, сарапшылар айтқандай бүкіл Орталық Азия аймағында ұйымдастырылу жағынан да, демократиялық жағынан да ең жақсы сайлау деп бағаланып отыр», - деді бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына Ант беріп, жаңа президенттік мерзімге ресми кіріскеннен кейін сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елімізде өткен сайлау  бүкіл Орталық Азия аймағында  демократиялық жағынан ең жақсы сайлау деп бағаланып отыр- Мемлекет басшысы

«Қазақстан бүкіл әлемге халқымыздың күш-қуаты мен бірлігін танытып отыр. Елімізде өткен сайлау тек қазіргі Қазақстан тарихында ғана емес, сарапшылар айтқандай бүкіл Орталық Азия аймағында демократиялық жағынан ең жақсы ұйымдастырылған сайлау деп бағаланып отыр. Тұрақтылық пен гүлденуге дауыс бере отырып, әрбір қазақстандық өзінің болашағын, өзінің отбасы мен елімізді, өзінің Отанын қолдады. Мен бүгін 1991 жылдың желтоқсан айында алғашқы бүкілхалықтық сайлаудан кейін, бірінші рет халық алдында Ант берген кезімді есіме алып тұрмын. Ол уақытта біздің алдымызда мүлдем басқа міндеттер тұрған. Біз құлаған империяның бөлшегі ғана болдық. Бізді ол уақытта "қайтіп халықтың қарнын тойдырсақ, қайтіп өнеркәсіп тоқырауының алдын алсақ болады, елге жалақыларын мен зейнетақыларын уақытында төлеп тұру үшін қажетті қаржыны қайдан алсақ, түрлі қауіп-қатерлерге толы күрделі өмірде қалайша жерімізді сақтап қалсақ?" деген мәселе ғана толғандырды»,-деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ сөзінде, ол уақытта еліміздің өзінің ұлттық валютасы, стратегиялық резервтері, ең құрығанда шекарасын жаулардан қорғайтын әскердің де болмағандығын атап өтті. «Осының барлығы небәрі 20 жыл бұрын ғана болғандығын көзге елестету қиын. Ол уақытта мен үшін күн тәртібінде - экономика және тек экономика деген міндет тұрған еді. Бізге қайтіп күн көрудің амалын ойластыру қажет болатын. Ашығын айтқанда, ол уақытта бізге әйтеуір тірі қалудың амалын табу қажет еді. Кеңес Одағының қорқынышы болашаққа деген сенімді тығырыққа тіреді. Халықтың мұндай сезімін тек оның әлеуметтік жағдайын оңалтып, осы мақсаттың алдында күш біріктіру арқылы ғана сейілтуге болатын еді. Тап осы халық сенімі мен мемлекетіміздің болашағы бізге қиындықтарды еңсеру үшін қуат берді. Біз қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, жаһандық өмірмен ықпалдасқан тиімді экономика жасай алдық. Біз елімізді мықты әлеуметтік, дағдарысқа қарсы бағытталған шаралар арқылы әлемдегі ең күрделі экономикалық дағдарыстан шығара білдік. Біз осы жетістікке өзге елдер өздерінің әлеуметтік міндеттемелерін қысқартып, кей жағдайда тіпті одан бас тартқан кезінде қол жеткіздік», - деді Президент.