Елімізде өткір тыныс жолдары вирустары және тұмаумен байланысты жағдай тұрақты

АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінгі таңда елдегі өткір тыныс жолдары вирустары мен тұмауға байланысты жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Айжан Есмағамбетова мәлім етті.

Елімізде өткір тыныс жолдары вирустары және тұмаумен байланысты жағдай тұрақты

Ол таратқан мәліметтерге қарағанда, қазанның 1-і мен 11-і аралығында республикада 24 мың 332 өткір тыныс жолдары вирусын жұқтыру жағдайы тіркеліп, тұмау әлі тіркелмеген. «Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, биыл аурулардың 3,6 пайызға төмендегендігі байқалады. Ауруларға қарсы дәрі егу жұмыстарының вирустардың тарауының алдын алудың басты шаралары екендігі баршаға мәлім. Осы себепті мемлекет бюджетінен бұл бағытқа 365 миллион теңге бөлініп, оларға қажетті вакциналар сатып алынды. Қазанның 1-нен бастап олар еліміздің барлық аймақтарына жіберілді және осы уақыттан бастап, тұрғындарға егу жұмыстары жүргізілуде», - деді А.Есмағамбетова.

Оның сөзінше, бюджет есебінен аз қамтылған отбасыларға тұмауға қарсы егу жұмыстары тұрғылықты мекен-жай бойынша емханаларда жүргізілуде. Осы топтың арасында созылмалы өкпе ауруына шалдыққан, жүрек қан-тамыр ауруымен ауыратын, иммундық қорғанысы төмен балалар мен жасы 60-тан асқан қарттар бар. Ал бұл топқа кірмеген азаматтар ақылы түрде егіледі. Бүгінде бір вакцинаның құны 1 мың 500 теңгеден 2 мың теңгеге дейінгі аралықта.

Комитет төрағасының орынбасары елімізде ваксигрипп, фларикс және инфлювак сияқты Германия, Франция және Нидерланды елдерінде шығарылған 3 түрлі вакцина егілетіндігін айтады. Олардың барлығы Бүкіәлемдік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған. «Қазіргі кезде еліміз бойынша 49 мың 317 адам егілген. Тұмауға қарсы дәрілеу жұмыстарын қараша айының 15-інде аяқтау жоспарланып отыр», - деді А.Есмағамбетова.