Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық саны 2,7 млн. адамды құрап отыр
Ел Президенті Н. Назарбаев Жолдауында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономикамыздың ең маңызды кадрлық резерві ретінде атаған болатын. «Бұл расында да ерекше мәні артып отырған сала, өйткені, бүгінгі күні еліміз үшін қажетті бағдарлама қабылданды. Енді соларды жүзеге асыру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемаларын шешуге үміт зор. Мәселен, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын алып қарасақ, 2014 жылға дейін 294 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Ал осы тұрғыдан Елбасы елдегі индустрияландыруға әрбір қазақстандықты тарту туралы мәселе қойған еді. Осы ретте өзін-өзі еңбекпен қамтып жүрген азаматтар мәселесін қалай шешеміз, деген проблеманы тереңірек талқылаған орынды», - деп атап өтті жиынды ашып сөз сөйлеген Әлеуметтік кеңес төрайымы, депутат Айткүл Самақова. Оның айтуынша, индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы барысында 161 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 207 мың жұмыс орнын құратын жалпы сомасы 8,1 триллион теңгені құрайтын жобалар іске аспақ.
Сонымен қатар, депутат А. Самақова үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін кадрларға сұраныс 108 мың адамды құрайтынын атап өтті, бұл ретте атап айтқанда техникалық мамандар аса қажет. Мәселен, терең бұрғылау инженерлері, мұнай мен газ операторлары, геофизиктер, энергетиктерге, жерасты құбырлары шеберлері секілді жоғары және арнайы біліктілігі бар мамандар сұранысқа ие. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың екінші жылына өтіп отырмыз. Әйтсе де, осы бағыттағы кадрлық қамтамасыз ету әлі де өзектілігін жоймаған, күн тәртібіндегі мәселе. Ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 2,7 млн. адамды құрап отыр. Бұдан бөлек, 2010-2014 жылдары экономиканың кадрларға жалпы сұранысы 287 мың адамды құрайтын болады», - деді А. Самақова.